Өрттен кейін баспанасыз қалған: Алматыда жылдар бойы ауыр жағдайда өмір сүрген отбасыға көмек көрсетілді

«AMANAT» партиясы өмірлік қиын жағдайға ұшыраған отбасыға көмек көрсетті

Өрттен кейін баспанасыз қалған: Алматыда жылдар бойы ауыр жағдайда өмір сүрген отбасыға көмек көрсетілді
Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Алматы қаласында өрт салдарынан баспанасынан айырылған және ауыр әлеуметтік жағдайға тап болған отбасының үйі «AMANAT» партиясының қолдауымен толық қалпына келтірілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматы қаласында өрттен кейін баспанасыз қалған отбасы бірнеше жыл бойы ауыр жағдайда өмір сүрді. Олардың жағдайы ұлы ауыр жарақат алып, мүгедектікке ұшырағаннан кейін тіптен қиындай түсті. «AMANAT» партиясының қолдауымен жүргізілген жүйелі жұмыс нәтижесінде отбасының баспанасы толық қалпына келтіріліп, қалыпты өмірге оралуына мүмкіндік жасалды.

Әңгіме Алматы қаласы Алатау ауданы Ақбұлақ шағынауданының тұрғыны Тұрсынбүбі Бөжеева мен оның II топтағы мүгедектігі бар ұлы Елтай Садықов туралы. Отбасыға көрсетілген көмек «AMANAT» партиясының үйлестіруімен, депутаттар, мемлекеттік органдар және белсенді азаматтардың қатысуымен ұйымдастырылды.

Отбасының өмірлік қиын жағдайы бірқатар қайғылы оқиғадан кейін басталды. 2019 жылы отбасы асыраушысынан айырылса, 2020 жылы түнгі уақытта болған өрт салдарынан олардың үйі толықтай жанып кеткен. Өрт кезінде ұлы ауыр жарақат алып, кейін мүгедек болып қалған. Баспанасыз қалған ана мен бала ұзақ уақыт бойы таныстары мен туыстарының үйлерін паналап, әлеуметтік тұрғыдан осал жағдайда өмір сүрді.

Қиындықтан шығудың жолын іздеген Тұрсынбүбі Бөжеева «AMANAT» партиясының Алатау аудандық филиалына жүгінді. Осы сәттен бастап мәселе бақылауға алынып, көмек көрсету жұмысы жүйелі түрде кезең-кезеңімен ұйымдастырылды. Негізгі мақсат – уақытша қолдау көрсетумен шектелмей, мәселені толық шешуге қол жеткізу болды.

Атқарылған жұмыстар нәтижесінде үй қайта тұрғызылды: қабырғалары мен шатыры салынып, ішкі жөндеу жұмысы жүргізілді және заманауи жылыту жүйесі орнатылды. Сонымен қатар тегін негізде газ құбыры тартылып, барлық қажетті құжат рәсімделіп, тұрғын үй инженерлік желілерге қосылды. Қалпына келтіру кезеңінде отбасы азық-түлікпен және алғашқы қажетті заттармен қамтамасыз етіліп отырды. Бұдан бөлек олар медициналық тексеруден өтіп, қажетті ем алуына жағдай жасалды.

Үй маңындағы аумақ та назардан тыс қалмады. «Таза бейсенбі» акциясы аясында арнайы техниканың көмегімен аула толық тазартылып, өрттің салдары мен тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Бұл жұмыс санитарлық жағдайды жақсартып, қауіпсіздік деңгейін арттыруға ықпал етті.

Сонымен қатар отбасыға құжат рәсімдеу, түрлі мәселелер бойынша кеңес беру және ұйымдастырушылық қолдау көрсету жұмыстары жүргізілді. Бұл тек баспананы қалпына келтірумен шектелмей, жалпы өмір сүру жағдайын жақсартуға мүмкіндік берді.

«Біз Алматыға 1998 жылы көшіп келіп, өз күшімізбен үй салған едік. Қайғылы жағдайлардан кейін барымыздан айырылып қалдық. Өте қиын болды. Таныстардың, туыстардың үйін паналап жүрдік. Не істерімізді білмедік. Партияға жүгінген кезде, ең алдымен адамгершілік тұрғыдан қолдау сезіндім. «Біз көмектесеміз» деген сөздері бос айтылмаған екен. Депутаттар, мемлекеттік органдар, жанашыр азаматтар атсалысты. Үйімізді қайтадан тұрғызып берді. Биыл өз үйімізге қайта оралдық. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Осындай қиын кезеңде қолдау көрсеткен барша жанға алғысым шексіз», – деді Тұрсынбүбі Бөжеева.

Бүгінде тұрғын үй толық қалпына келтіріліп, қажетті коммуникациялармен қамтамасыз етілді. Отбасының қауіпсіз әрі жайлы өмір сүруіне жағдай жасалып, олар қалыпты өмірге қайта оралды.

Аталған жағдай күрделі әлеуметтік мәселелерді шешуде жүйелі тәсілдің тиімділігін айқын көрсетеді. «AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асқан үйлесімді жұмыс нақты нәтижеге қол жеткізіп, азаматтардың өмір сапасына тікелей әсер етті. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.