Қазақстан теннистен әлемдегі ең үздік жеті құраманың қатарына енді

Астанадағы айтулы жеңісінің арқасында Қазақстан құрамасы өз көрсеткішін жақсартты

Қазақстан теннистен әлемдегі ең үздік жеті құраманың қатарына енді
Фото: ҚТФ

Теннистен әйелдер арасындағы ұлттық құрамалардың жаңартылған әлемдік рейтингі жарияланды. Астанадағы айтулы жеңісінің арқасында Қазақстан құрамасы өз көрсеткішін жақсартып, тоғызыншы сатыдан жетінші орынға көтерілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Рейтингтегі мұндай нәтижеге іріктеу кезеңінде 2023 жылғы әлем чемпиондары – Канада құрамасын жеңуі себеп болды. Астанада өткен кездесу 3:1 есебімен аяқталды. Бұл жеңіс қазақстандық теннисшілерге 2026 жылдың күзінде Шэньчжэньде (Қытай) өтетін Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне жолдама алуға мүмкіндік берді.

Әлемдік рейтингте Италия көш бастап тұр. Сондай-ақ үздік үштікке Ұлыбритания мен Украина енді. Жаңартылған тізімде Қазақстан Канаданы артқа тастап, Испания, Чехия және АҚШ бастаған алдыңғы қатарлы топқа жақындады.

«Әлемдегі ең үздік жеті команданың қатарына ену – қазақстандық теннис мектебінің жоғары деңгейін және құраманың халықаралық аренадағы тұрақты нәтижелерін айқын дәлелдейді», – делінген Қазақстан теннис федерациясының хабарламасында.