Қазақстанның Ұлттық қорына жыл басынан бері 780 млрд теңгеден астам қаржы түскен
Өткен жылы осы кезеңде түсімдер 622 млрд теңге болған
2026 жылдың басынан бері Қазақстанның Ұлттық қоры 784 млрд теңгеге толықты. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 162,6 млрд теңгеге артық. Бұл туралы ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Айта кетейін, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша Ұлттық қорға түсетін түсімдер артты: жалпы сомасы 784 млрд теңгені құрады. Өткен жылы осы кезеңде түсімдер 622 млрд теңге болған. Яғни, биыл бірінші тоқсанда қосымша 162,6 млрд теңге түсті. Бұл қаражат Ұлттық қорда жинақталады, бұл – жақсы көрсеткіш. Бұл – болашаққа арналған қаражат, соның ішінде «Ұлттық қор – балаларға» жобасы және басқа да бастамалар, сондай-ақ қауіпсіздік жастығы ретінде қарастырылады», – деді Біржанов Үкіметтегі баспасөз конференциясында.
Оның айтуынша, республикалық бюджетке мұнайдан түсетін кірістер негізінен экспорттық кедендік баж салығы арқылы түседі.
«Мұнай бойынша республикалық бюджетке ең алдымен экспорттық кедендік баж салығы түседі. Бағаның өзгеруі есебінен біз осы бағыт бойынша бюджетке қосымша 40,5 млрд теңге түсірдік», – деді ол.
Сондай-ақ вице-министр валюта бағамының бюджет кірістеріне әсерін атап өтті.
«Бюджетті жоспарлау кезінде доллар бағамы 540 теңге деңгейінде алынған болатын. Ал іс жүзінде бірінші тоқсан қорытындысы бойынша курс 497,7 теңгені құрады. Соның салдарынан бірқатар салықтар бойынша түсімдер азайды. Жалпы алғанда, бұл республикалық бюджетке 146 млрд теңге көлемінде шығын әкелді», – деп толықтырды Біржанов.