Кассациялық сот Ақтөбе тұрғынына қатысты адам өлтіру және қарақшылық ісін қарады
Ақтөбе тұрғынына қатысты адам өлтіру және қарақшылық ісі кассациялық сотта қаралып, 22 жылға бас бостандығынан айыру жазасы өзгеріссіз қалдырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Кассациялық соттар» Telegram-арнасының мәліметінше, 2024 жылдың 9 маусымында Ақтөбе тұрғыны өзін сатып алушы ретінде таныстырып, Toyota Camry автокөлігін сатпақ болған әйелді адам жүрмейтін жерге алдап апарған.
«Ол жерде күдікті әйелге шабуыл жасап, қауіпсіздік белдігімен тұншықтырған. Сотталған адам жәбірленушінің бет-жүзін пышақпен кескілеп, кім екенін тануды қиындатпақ болған. Осыдан кейін мойнындағы алтын алқасын алып, мәйітті ағаштардың арасына тастап, ұрланған көлікпен оқиға орнынан бой тасалаған», – деп хабарлады сотта.
Кассациялық шағымда қорғау тарапы істі қайта қарауға жіберуді сұрап, сот тергеуінің толық жүргізілмегенін және сотта қорғану құқығы бұзылғанын алға тартқан.
Алайда кассациялық сот іс бойынша қабылданған сот актілерін негізді деп таныды. Себебі жәбірленушінің жеке заттары мен автокөлігі сотталған адамның жанынан табылған, бейнебақылау камераларындағы жазбалар оның әрекеттерін рет-ретімен көрсетеді, шабуыл кезінде жәбірленушінің «112» қызметіне қоңырауы тіркелген, сондай-ақ ДНҚ-сараптама сотталған адамның мәйіт маңында болғанын дәлелдейді.
Қорғау тарапының полиция тарапынан қысым көрсетілгені және үшінші тұлғалардың қатысы бар деген нұсқалары негізсіз деп танылды.
Нәтижесінде сотталған адам қарақшылық және адам өлтіргені үшін тағайындалған 22 жылдық бас бостандығынан айыру жазасын өтеуді жалғастырады.
Айта кетейік, 2024 жылғы 15 маусымда Ақтөбеде хабар-ошарсыз кеткен әйелдің мәйіті табылған болатын. Туыстарының айтуынша, ол өз көлігін сатуға кеткен. Көп ұзамай күдікті анықталып, оның тұрғылықты жеріндегі гараждан жоғалған автокөлік табылды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.