Қайғылы оқиға 13 сәуір күні болған
Ақмола облысының Степногорск қаласында бес жастағы бала көпқабатты тұрғын үйдің алтыншы қабатындағы терезеден құлап, қайтыс болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, 2020 жылы туған бала абайсызда терезеден құлап кеткен. Ауыр жарақат алған ол жедел түрде медициналық мекемеге жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Бұл туралы Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері анықталып жатыр. Тергеу нәтижесіне қарай процессуалдық шешім қабылданады», - делінген хабарламада.
Полиция өкілдерінің айтуынша, күн жылынып, терезелер жиі ашылатын кезеңде мұндай оқиғалар көбейеді. Биылдың өзінде Ақмола облысында балалардың терезеден құлауына байланысты бес жағдай тіркелген. Соның біреуі қайғылы аяқталған.