Қазақстан экономикасы үш айда 3% өскен

Бұл көрсеткіш шикізаттық емес секторда қамтамасыз етілген

Қазақстан экономикасы үш айда 3% өскен
Фото: istockphoto.com

2026 жылдың қаңтар–наурыз айларының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының әртараптандырылған өсімі 3% құрады. Бұл көрсеткіш негізінен шикізаттық емес секторлардың дамуы есебінен қамтамасыз етілген, деп хабарлайды деп Azattyq Rýhy

Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралды.

Үкімет басшысы Мемлекет басшысының экономиканы сапалы әрі орнықты дамыту жөніндегі тапсырмасына тоқталып өтті.

«Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында сапалы әрі орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл міндет өңдеу өнеркәсібін дамыту, инвестициялық белсенділікті арттыру, өндіріс орындарын технологиялық жаңғырту арқылы іске асырылуда», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министрдің айтуынша, қазіргі өсім құрылымы экономиканың ішкі тұрақтылығының артқанын көрсетеді. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібі, көлік, құрылыс және сауда салалары негізгі драйверлерге айналған.

«Аталған кезеңде жалпы ішкі өнім нақты 3%-ға өсті. Бұл көрсеткіш шикізаттық емес секторда, оның ішінде өңдеу өнеркәсібіндегі, көлік, құрылыс, сауда салаларындағы орнықты өсу есебінен қамтамасыз етілгенін айта кету керек.Күрделі сыртқы экономикалық ахуалға қарамастан, осы шикізаттық емес сектор өзінің тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін көрсетіп отыр»,-деді Үкімет басшысы.