Оқыс жағдай 12 сәуір күні Қарағанды қаласында болды
Қарағанды қаласында ер адам балалар алаңында ойнап жүрген жасөспірімді жұлқып құлатты. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқыс жағдай 12 сәуір күні Қарағанды қаласындағы Трудовая көшесі, 27-үйдің ауласында болған. Балалар арасында жанжал шығып, кейіннен балалардың бірі ата-анасына хабарласқаннан кейін жағдай ушыға түскен.
Оқиға орнына ересектер келген. Бейнежазбада әйелдің балаға ұрысып жатқанын, ал сол сәтте ер адамның баланы мойнынан ұстап, жерге лақтырып жібергені көрінеді. Соның салдарынан бала құлап, тұншыға бастаған.
Полиция департаменті оқиғаға қатысты агенттік тілшісіне ресми пікір білдірді.
«Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында Қарағанды қаласындағы тұрғын үйлердің бірінің ауласында кәмелетке толмаған жасөспірім мен ересек ер адам блған жанжал бейнеленген бейнематериал анықталды. Аталған дерек бойынша полицияға арыз-шағым түспеген. Соған қарамастан, полиция қызметкерлері олардың жеке басын жедел анықтап, оларды мән-жайды жан-жақты тексеру үшін полиция бөліміне жеткізді», – дейді ПД.
Қазіргі уақытта жанжалдың туындау себептері мен оған ықпал еткен жағдайларды анықтауға бағытталған кешенді тексеру жүргізіліп жатыр.
«Тексеру қорытындысы бойынша әрбір қатысушының әрекетіне қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес құқықтық баға берілетін болады. Полиция департаменті кез келген жанжалдық жағдайлар тек заң аясында шешілуі тиіс екенін ескертеді. Қандай да бір себептер мен жағдайларға қарамастан, құқыққа қайшы әрекеттерге жол берілмейді», – делінген Полиция департаментінің агенттік тілшісіне берген пікірінде.