Астанада 216 км/сағ жылдамдықпен жүрген BMW иесі ұсталды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Елордада полиция жол қозғалысы қағидаларын өрескел әрі жүйелі түрде бұзудың жолын кесті

Фото: Астана ПД

Астанада қала аумағында 216 км/сағ жылдамдықпен жүрген BMW иесі ұсталып, қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Полиция қызметкерлері ұзақ уақыт бойы жол қозғалысы ережелерін өрескел әрі жүйелі бұзып келген BMW автокөлігін Күйші Дина көшесінде тоқтатты. Көлікті 27 жастағы жүргізуші тізгіндеген.

Белгілі болғандай, жүргізуші заң талаптарын әдейі және тұрақты түрде бұзған. Жыл басынан бері ол 61 рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған, оның 59-ы – жылдамдықты асыру бойынша.

Ең қауіпті жағдайлардың қатарында Әл-Фараби көшесінде жаяу жүргіншілер өткелінен 133 км/сағ жылдамдықпен тыйым салынған бағдаршамның қызыл сигналына өтіп кету фактісі бар. Осыған дейін оның рұқсат етілген 90 км/сағ жылдамдықтың орнына 216 км/сағ жылдамдықпен қозғалғаны да тіркелген.

Мұндай әрекеттер азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді.

«Қабылданған шаралардың нәтижесінде жүргізуші ұсақ бұзақылық бабы бойынша жауапкершілікке тартылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Автокөлік коммуналдық тұраққа қойылды. Заң талаптарын әдейі әрі жүйелі түрде елемейтін тұлғалар, бұрын айыппұлдарды төлеген-төлемегеніне және табыс деңгейіне қарамастан, заңнамада көзделген неғұрлым қатаң жауапкершілік шараларына тартылатын болады», – делінген ПД хабарламасында.

Астана қаласының полиция департаменті ескертеді: кез келген өрескел және қайталанатын құқық бұзушылықтар қатаң әрі принципті түрде тоқтатылатын болады.