Едіге Қасымбек Бішкектегі Азия чемпионатында алғашқы жүлдесін жеңіп алды

Автор: Алмас Ерсін

19 жастағы қазақстандық ересектер арасындағы жарыста жүлдегер атанды

Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Бішкекте өтіп жатқан еркін күрестен Азия чемпионатында 19 жастағы Едіге Қасымбек аса ауыр салмақта қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үшінші орын үшін белдесуде ол Азия ойындары мен Азия чемпионатының жүлдегері атанған тәжірибелі қытайлық балуанды 8:7 есебімен жеңді.

Бұл Қасымбек үшін ересектер арасындағы құрлықтық біріншіліктегі алғашқы жүлде болды. Бұған дейін ол жастар арасында (U20) әлем чемпионы атанып, халықаралық деңгейде өзін танытқан еді.

Қазақстанның еркін күрес құрамасы турнирді екі қола медальмен аяқтады. Екінші жүлдені 92 келіге дейінгі салмақта Азамат Дәулетбеков иеленді.