ТЖД үш бала қаза тапқан өртке қатысты мәлімдеме жасады

Автор: Дәулет Ботагөз

Өрт кезінде құтқарушылар бірнеше қиындыққа тап болған

Фото: ТЖД

Астана қалалық Төтенше жағдайлар департаменті Есіл ауданындағы көпқабатты үйден шыққан өртке қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Түркістан көшесінде орналасқан 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатындағы пәтерден өрт шыққан кезде, құтқарушылар бірнеше қиындыққа тап болған. ТЖД мәліметінше, өрт сөндіру техникасының оқиға орнына жедел жетуіне ауланың жабық болуы кедергі келтірген.

«Аулаға кіреберіс темір қақпамен жабылып тұрған. Оған қоса, аула іші автокөліктерге толы болды. Осыған қарамастан, ТЖД күштері өрттің көрші пәтерлерге таралуына жол бермеді», — деп хабарлады мекеме өкілдері.

Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенде пәтердің темір есігі екі құлыппен бекітулі болған. Құтқарушылар арнайы құралдардың көмегімен есікті бұзып кіруге мәжбүр болды. 

Қазіргі уақытта Төтенше жағдайлар департаменті аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын бастады. Өрттің шығу себебін нақты анықтау үшін бірнеше сараптама тағайындалды.

Еске сала кетейік, тұрғын үйден шұғыл түрде 20 адам қауіпсіз жерге шығарылып, бір әйел ауруханаға жеткізілген еді. Өкінішке қарай, пәтер ішінен үш кәмелетке толмаған баланың мәйіті табылған болатын.