Еңбек мигранттарына арналған мемлекеттік қызметтер толық электронды форматқа көшті

Автор: Дәулет Ботагөз

Енді бұл құжатты Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан алу мүмкін болмайды

Фото: gov4c.kz

Елімізде еңбек мигранттарына арналған мемлекеттік қызметтер цифрлық форматқа көшті. 2026 жылдың 13 сәуірінен бастап бұл құжатты Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан алу мүмкін болмайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің хабарлауынша, енді еңбек мигранттары рұқсат алу немесе оны ұзарту үшін тек келесі платформаларды қолдана алады:

  • eGov.kz порталы;
  • migration.enbek.kz платформасы.

Бұл өзгеріс жұмыс істеуге келетін шетелдіктер үшін құжат рәсімдеуді жеңілдетпек.

Жаңа жүйенің басты артықшылығы —медициналық анықтамалар мен сақтандыру деректері тиісті мемлекеттік жүйелерден автоматты түрде алынады.

«eGov.kz порталында барлық қажетті интеграциялар, соның ішінде салық төлемін автоматты тексеру жүзеге асырылады. Бұл жүйе қателіктерді азайтып, өтінімді өңдеу уақытын айтарлықтай қысқартады», — деді бірінші вице-министр Ростислав Коняшкин.

Еңбек мигранттарына 1 айдан 12 айға дейінгі мерзімге рұқсат беру туралы шешімді жергілікті атқарушы органдар Ішкі істер министрлігімен келісе отырып қабылдайды. Қызмет белгіленген квота аясында көрсетілмек.