2023 жылы ғылыми-зерттеу жұмыстарына 121,5 млрд теңге жұмсалған
Қазақстанның ғылым саласында айтарлықтай серпіліс байқалуда. Бұл саланың бюджеті, кадрлық әлеуеті және жобаларды қаржыландыру көрсеткіштері рекордтық деңгейге жеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елімізде ғылыми ортаны қалыптастыру және инновацияларды өндіріске енгізу басым бағытқа айналды.
Егер 2023 жылы ғылыми-зерттеу жұмыстарына 121,5 млрд теңге жұмсалса, 2025 жылы бұл көрсеткі 260 млрд теңгеге жетті.
Бөлінген қаржы нақты нәтиже бере бастады. Бүгінде аяқталған қолданбалы зерттеулердің 35,8% өндіріс деңгейіне шыққан.
Satbayev University ғалымдары «Қазақмыс Прогресс» базасында тазалығы 99,5% болатын селен алды. Нәтижесінде өнімнің қосымша құны 30%-дан 97% дейін артты.
Nazarbayev University зерттеушілері литий-ионды аккумуляторларға қажетті шикізат алу технологиясын әзірледі. Бұл жобаның әлеуетті нарығы 40 млрд долларға бағаланып отыр.
Ғылым саласындағы кадрлар саны 30% артып, 28 374 адамға жетті. Жас ғалымдардың үлесі 2021 жылғы 35%-дан 2025 жылы 48% дейін өскен. Зерттеушілердің орташа жасы 47-ден 44 жасқа төмендеді. Сондай-ақ ғылыми қызметкерлердің 56% – әйелдер.
Мемлекет ғалымдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін бірнеше маңызды қадам жасады:
1. Ғылыми дәреже үшін қосымша ақының құны 17-ден 50 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.
2. 2025 жылы 271 зерттеуші баспаналы болды (оның ішінде 79 пәтер тегін берілді).
3. Кәсіпті ғылымға тарту үшін ҒЗТКЖ-ға 300% шегерімдер енгізілді.
«Қабылданған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң саланың жаңаша дамуына негіз болды. Ендігі мақсат – ғылымды экономикамен тығыз байланыстырып, оның беделін асқақтату», – деп атап өтті мекеме өкілдері.