ШҚО-да пилотсыз көліктер мен инновациялық жобалар таныстырылды

Автор: Дәулет Ботагөз

Өңірлік ғылым кеңесінің екінші отырысы өтті

Фото: облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Өскеменде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен өңірлік ғылым кеңесінің екінші отырысы өтті. Жиын барысында қала экономикасын өркендетуге бағытталған бірегей инновациялық жобалар таныстырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыс басшысы атап өткендей, президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым мен технологияны еліміздің стратегиялық басымдығы ретінде айқындады.

Кеңес аясында әкімге Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ базасындағы «Лу Бань» шеберханасының мүмкіндіктері, соның ішінде пилотсыз басқарылатын көліктер көрсетілді. Ғалымдар бұл технологияларды қалалық инфрақұрылымға енгізуді ұсынып отыр.

Жиында цифрлық маршрут, яғни қала қонақтары мен туристерге арналған бірыңғай цифрлық карта әзірлеу бастамасымен қатар, Шығыс Қазақстанның көне жартас суреттерін (петроглифтерді) цифрлық қалпына келтіру жобасы ұсынылды. Сондай-ақ, топырақтың құнарлығын арттырып, ылғал сақтайтын жаңа биокомпозициялық материалдар таныстырылды. 

Әкім өңірдегі жетекші жоғары оқу орындары мен ірі металлургиялық кәсіпорындар арасындағы тығыз байланысты жоғары бағалады.

«Біздің мақсатымыз — өңірдің ғылыми әлеуетін арттыру және «университет-зерттеу-инновация-өндіріс» экожүйесін нығайту», — деді Нұрымбет Сақтағанов.

Шара соңында ғылым саласына үлес қосқан зерттеушілер, профессорлар мен жеке компаниялардың ғылыми қызметкерлері облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен және алғыс хаттарымен марапатталды.