32 жастағы теннисші кәсіби спорттағы маңызды кезеңін аяқтап, жанкүйерлеріне алғыс айтты
Зарина Дияс кәсіби мансабын аяқтайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
32 жастағы спортшы үлкен спортпен қоштасатынын айтты.
«Бүгін өмірімдегі ең маңызды тараулардың бірін жабамын – кәсіби теннис мансабымды аяқтаймын. Бұл – ғажап жол болды… Бала күнінен әлемдік ареналарда ойнауды, турнирлерде жеңуді және әлемнің үздіктерінің бірі болуды армандаған Алматыдағы кішкентай қыздың жолы. Сол арманымның шындыққа айналғанына әлі күнге дейін сене алар емеспін: турнирлердегі жеңістер, әлемдік рейтингтің топ-30 қатарына ену және Олимпиада ойындарында Қазақстанның намысын қорғау бақыты. Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткенімді, кортқа елім үшін шыққанымды, Қазақстанды әлемдік аренада таныстырғанымды мақтан тұтамын», – деп жазды Зарина Дияс Instagram парақшасында.
Теннисшінің айтуынша, осының бәрі оның жүрегінде мәңгі сақталады.
«Теннис маған көп нәрсе берді. Ол мені мықты болуға, берілмеуге, қандай жағдай болса да алға жүруге үйретті. Қиын кезеңдер де болды, бірақ жеңістер, эмоциялар және сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, ұмыту мүмкін емес сәттер де аз болған жоқ», – деді Зарина Дияс.
Ол жанынан табылған жандардың бәріне алғыс айтты.
«Жанкүйерлеріме – маған ерекше қуат бергендеріңіз үшін рақмет, сіздер менің күшім болдыңыздар. Отбасыма… Мені осы спортқа әкелген, күн сайын сенімі мен махаббатымен алға жетелеген анама алғысым шексіз. Мансабым бойы қолдау көрсетіп, көмектескен сіңлім Алисаға рақмет. Командама, жаттықтырушыларыма, достарыма, демеушілеріме және Қазақстан теннис федерациясына осы жолдағы қолдаулары мен үлесі үшін алғыс айтамын», – деп атап өтті спортшы.
Теннисші бұл шешімді мақтаныш, ризашылық және абырой сезімімен қабылдап отырғанын жеткізді.
«Тенниске деген шексіз махаббатпен… Ол мәңгі менің бір бөлшегім болып қала береді. Өмірімнің жаңа тарауы басталады. Баршаңызды жақсы көремін», – деп түйіндеді Зарина Дияс.