Қазақстанда пластик пен ескі киімнен көркем туынды жасайтын креаторлардың байқауы басталды

Автор: Аягөз Құрмаш

Бастама экологиялық өнерді дамытуға және шығармашылық арқылы саналы тұтыну мәдениетін насихаттауға бағытталған

Фото: Stop Musor

Қазақстанда қайта өңделген шикізатпен жұмыс істейтін суретшілерге, дизайнерлерге және креаторларға арналған «Eco art Qazaqstan» республикалық байқауы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Байқау қалдықтарды қайта өңдеп, олардан көркем туындылар жасайтын авторлар үшін арнайы алаң болмақ. Қатысушылар өнер арқылы қоғамдағы өзекті экологиялық мәселелерді көтеруге мүмкіндік алады.

Жобаны Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы «Stop Musor» бастамасы аясында ұйымдастырып отыр.

Өтінімдер 2026 жылғы 10 мамырға дейін қабылданады. Байқауға суретшілер, киім және аксессуар дизайнерлері, сәндік-қолданбалы өнер шеберлері, шығармашылық мамандықтардың студенттері, эко-белсенділер мен тәуелсіз авторлар қатыса алады.

Қатысушылардан мына материалдардан жасалған жұмыстар қабылданады:

  • пластик, қағаз және металдан жасалған картиналар;
  • қайта пайдаланылған маталардан тігілген тоқыма бұйымдар;
  • қаптама, әйнек және сымдардан жасалған арт-объектілер;
  • мүсіндер мен инсталляциялар.

Іріктеу қорытындысы бойынша үздік жұмыстар Jasyl fest аясында ұсынылады. Онда авторлар өз жобаларын кең аудиторияға, сарапшыларға, серіктестерге және бұқаралық ақпарат құралдарына таныстырып, арнайы сыйлықтарға ие болады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінде экологиялық күн тәртібі жаңа коммуникация тәсілдерін талап етеді. Өнер – ойлау жүйесін өзгертіп, жауапты тұтыну мәдениетін қалыптастыра алатын ең тиімді құралдардың бірі.