Алматы облысында 15 жастағы қыз баланы 8 ер адам екі ай бойы зорлаған: екі күдікті ұсталды

Автор: Асыл Арман

Олар оны қорқытып, бопсалап, арам ойларын жүзеге асырған

Фото: freepik.com

Алматы облысында 15 жастағы жетім қызға қатысты зорлық жасау дерегі бойынша екі күдікті ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жантүршігерлік оқиға Алматы облысының Райымбек ауданындағы ауылдардың бірінде болған. 15 жастағы мектеп оқушысының айтуынша, екі ай бойы сегіз ер адам қорқытып, бопсалап, жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген.

Жәбірленуші тараптың сөзінше, қыз күдіктілердің бірімен әлеуметтік желіде танысқан. Кездесуден бас тартқаннан кейін 20 жастағы жігіт оны бопсалай бастаған.

Салдарынан оқушы түнде үйінен шығуға мәжбүр болған. Күдікті оны көлігімен адам аяғы баспайтын жерге апарып, күш қолданған. Осыдан кейін, жәбірленушінің айтуынша, ер адам жеке мәліметтерін таныстарына беріп, олар да қорқытып, жыныстық әрекеттерге мәжбүрлеген.

Осылайша күдіктілер саны сегіз адамға дейін жеткен. Олардың бесеуі – сол ауылдың тұрғыны. Ең үлкені 26 жаста болса, ең кішісі – 17 жаста. Жәбірленуші – ата-анасынан айырылған, қазіргі таңда туыстарының қолында өсіп жатыр.

Кейбір БАҚ-та тараған мәліметке сәйкес, биыл қаңтар-ақпан айларында қыз балаға екі ересек адам және алты жасөспірім тарапынан зорлық жасалған.

Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 19 наурызда 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктілер анықталды. Олардың екеуі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қалған күдіктілерге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттерінің кешені орындалды. Барлық тараптың уәждері мұқият тексерілуде. Жәбірленушіге қысым көрсетілмейді. Тергеудің толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз ету үшін қылмыстық іс облыс орталығының тергеу бөлімшелеріне беріліп, арнайы тергеу-жедел тобы құрылды», – деп хабарлады полиция.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жалғасуда.

Тергеу барысы Алматы облысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.