Ұлан-Батырда бокстан Азия чемпионатының ерлер арасындағы финалдары өтіп жатыр
Қазақстандық боксшылар – Оразбек Асылқұлов пен Төрехан Сабырхан Азия чемпионатында тиісінше алтын және күміс медальдар жеңіп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда бокстан Азия чемпионатының ерлер арасындағы финалдары басталды. Қазақ боксшысы Оразбек Асылқұлов -60 кг дейінгі салмақтың алтыны үшін Сачин Сачинмен (Үндістан) шеберлік байқасты. Тартысты өткен айқаста Оразбек мықты екенін паш етті. Есеп: 3-2.
Бұл Асылқұловтың карьерасындағы ересектер санатында Азия чемпионатының 2-жүлдесі. Ол 2024 жылы күміс жүлдеге ие болған.
Биылғы сары құрлық чемпионаты барысында Оразбек Поль Жулифер Басконды (Филиппин), ширек финалда Шунсуке Китамото (Жапония, жекпе-жекте шықпады), Абдурахмон Махмуджоновты (Өзбекстан) ұтты.
Ал әлем чемпионы Төрехан Сабырхан (-70 кг) өзінің ересектер санатындағы алғашқы Азия чемпионатының финалында тәжірибелі Зеяд Ишаишпен (Иордания) жолығып, қарсыласына жол берді.
Еске сала кетейік, 20 жастағы Төрехан бәсеке барысында ширек финалда Шамшер Саидовты (Тәжікстан), кейін Ван Пейченды (Қытай) қапы қалдырды.
Атап өтерлігі, жазғы Азия ойындары мен әлем чемпионатының қола жүлдегері Ишаиш 2024 жылы өз елінде өткен Азия чемпионатының финалында отандасымыз Асланбек Шымбергеновпен жұдырықтасып, жеңілген.
Алда әлі Ұлттық құраманың 3 өкілі шаршы алаңға шығады. Ерлер командасы сапындағы Махмұд Сабырхан (-55 кг), Ертуған Зейнуллинов (-65 кг) пен Сағындық Тоғамбай (-90 кг) қола медаль жеңіп алған.