Астанада Юрий Гагариннің ғарышқа ұшқанына 65 жыл арналған көрме ашылды

Автор: Алмас Ерсін

Көрмеде Гагариннің тарихи сапары мен қазақстандық ғарышкерлердің жетістіктері ұсынылды

Фото: ҚР ПІБ Президенттік орталығы

ҚР ПІБ Президенттік орталығында Қазақстан жерінен Юрий Гагарин ғарышқа ұшқанына 65 жыл толуына және ғарыш туризмінің 25 жылдығына арналған «Кеттік! 65 жыл бұрын...» атты архивтік-иллюстрациялық көрменің ашылуы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Көрменің серіктестері ретінде Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, ғарыш саласындағы қазақстандық кәсіпорындар және «Байқоңыр» ғарыш айлағының тарихы музейі қатысты.

Көрменің мақсаты – адамзаттың ғарышқа алғаш ұшуынан бастап Қазақстанның қазіргі заманғы ғарыш саласының қалыптасуы мен дамуына дейінгі тарихи сабақтастықты көрсету, сондай-ақ еліміздің жетістіктеріндегі оның рөлін айқындау. Сонымен қатар, бұл көрме Қазақстанның ғарыш мұрасын насихаттауға және саланың инновациялық дамуының үлгісі ретінде коммерциялық ғарыш туризмінің 25 жылдығын танытуға бағытталған.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың, дипломатиялық корпустың өкілдері, ғарыш қызметі саласындағы кәсіпорындардың қызметкерлері, ҚР Парламентінің депутаттары, сондай-ақ қазақстандық жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері – барлығы 100-ге жуық адам қатысты.

«12 сәуірде бүкіл адамзат тарихи маңызы зор айтулы күн – адамның ғарышқа алғаш ұшқанына 65 жыл толуын атап өтеді. Бұл күн Қазақстан үшін ерекше мәнге ие. Өйткені дәл осы қазақ жерінде адамзат өркениетінің ғарыш дәуірі бастау алды. Юрий Гагариннің ғарышқа ұшуы ғылыми-техникалық прогрестің ұлы символына айналып, адам мүмкіндіктерінің шексіздігін танытқан теңдессіз серпіліс болды. Ғарыш саласы үшін мерейтойлық бұл жылдың еліміздің тәуелсіздігінің 35 жылдығымен тұспа-тұс келуі де терең символдық мәнге ие. 1991 жылы Қазақстан егемендігінің символдық бастауы Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшуымен астасып жатыр. Аталған тарихи оқиғаның 35 жылдығымен қатар, биыл біз оның 80 жылдық мерейтойын да атап өтеміз. Сондай-ақ, биыл тағы бір даңқты қазақстандық ғарышкер Талғат Мұсабаевтің 75 жылдығы аталып өтер еді», – деп өз сөзінде Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат атап өтті.

Көрмеде 30-ға жуық музейлік экспонат пен 60-тан астам архивтік материал ұсынылған.

Айта кету керек, көрме екі бөлімнен тұрады:

І. «Шексіз ғарышқа алғашқы қадам» – бұл бөлімде Юрий Гагарин ғарышқа алғашқы ұшуының тарихи маңызы көрсетіліп, адамзаттың ғарышты игеруіндегі жаңа дәуірдің басталғаны баяндалады.

ІІ. «Қазақстан және ғарыш» – бұл бөлімде Қазақстан Республикасының ғарыш саласының дамуы туралы материалдар ұсынылған. Негізгі назар қазақстандық ғарышкерлердің жетістіктеріне аударылған: Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов. Сонымен қатар, бұл бөлімде алғашқы ғарыш туристі Деннис Тито ұшуы туралы да айтылады.

«Біздің отбасы Байқоңырда отыз үш жыл өмір сүріп, еңбек етті. Журналист ретінде мен қазақстандық ғарыш тарихының бір бөлігі болу бақытына ие болдым. Бұл мен үшін үлкен шабыт көзі. Өйткені бұл жай ғана тарих беттері емес. Бұл – Қазақстан жерінен естілетін Ғаламның үні. Бұл – ғарышты игерудің маңыздылығын көрсетуге деген ұмтылыс, тағдыр біздің елге сыйлаған аңызға айналған Байқоңырды қолдау және сақтау ниеті. Бүгінгі көрме – жұлдыздарға жол ашқан жандарға деген құрмет пен тағзым», – деді Байқоңыр қаласының құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, қазақстандық ғарыш шежірешісі Сара Нұрғалиева.

Ресми ашылу рәсімінің соңында С. Нұрғалиева Қазақстан Республикасы Президенттік орталығына қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі авторлық тақырыптық басылымдарын сыйға тартты.