Қазақстанда инфаркт пен инсульттен өлім-жітім азайды – Денсаулық сақтау министрлігі

Автор: Алмас Ерсін

Республика жұқпалы емес аурулардан болатын өлім-жітімді күрт төмендеткен елдердің қатарына енді

Фото: istockphoto.com

Кардиологиялық қызметтің дамуы Қазақстанда инфаркттан болатын өлім-жітімді азайтып, инсульттен кейінгі стационарлық өлім көрсеткішін едәуір төмендетуге мүмкіндік берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ел бойынша инсульт орталықтарымен (85) және коронарография бөлімшелерімен (82) толық қамту қамтамасыз етілген. Жүрекке жасалатын жоғары технологиялық операциялар саны да артқан.

«Бұл инфаркттан болатын өлім-жітімді 3,2%-ға, ал инсульттен кейінгі стационарлық өлімді 25%-ға төмендетуге мүмкіндік берді», – делінген хабарламада.

Инсульттің алдын алу

Ми қанайналымының бұзылуының (инсульттің) алдын алу мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС аясында 50 жастан асқан ер адамдарға 2 жылда бір рет брахиоцефал тамырларына УДЗ жүргізілетін скринингті енгізді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан ДДСҰ-ның Еуропалық өңірінде жұқпалы емес аурулардан болатын өлім-жітімді 25%-ға төмендеткен алғашқы он елдің қатарына кірді.