Шенеуніктер Астанадағы жетім қыздың туып-өскен жалғыз баспанасын тартып алмақшы болған
Дегенмен кассациялық сот жетім қыздың ісі бойынша оң шешім шығарды
Астана тұрғыны «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында берілген пәтерден айырылып қала жаздады. Яғни тұрғын үй комиссиясы хаттама негізінде үй кезегінде 10 жылдан астам тұрып қол жеткізген баспананы сақтап қалуға және жекешелендіруге қатысу құқығын шектемек болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұған дейін Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты талапты қанағаттандырмаған. Апелляциялық саты да бұл шешімді өзгеріссіз қалдырған.
Алайда кассациялық сот істі қайта қарап, тұрғын үй комиссиясының әрекеттері заң талаптарына және мемлекеттік тұрғын үй саясатының қағидаттарына қайшы екенін анықтады. Сот шешімінде даулы хаттамада құқықтық айқындық болмағаны, сондай-ақ жария және жеке мүдделер арасындағы тепе-теңдік сақталмағаны да белгілі болды. Бұдан басқа, сот отбасы құрамының өзгеруіне формалды түрде қарау бұрын жасалған жалға алу шартын ұзартудан бас тартуға негіз бола алмайтынына ерекше назар бөлген.
Осыны ескерген кассациялық саты 2025 жылғы 25 ақпандағы Астана қаласы тұрғын үй комиссиясының шешімін заңсыз деп таныды. Бірінші және апелляциялық соттардың актілері күшін жойды. Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты хабарлағандай, үй жетім қыздың өз атында қалатын болды.