Павлодарда жас жігіт желі арқылы танысқан қыз баламен жыныстық қатынасқа түсемін деп 12 жылға сотталды

Автор: Асыл Арман

Қыз баланың 15 жаста болғаны анықталды

Фото: istockphoto.com

Павлодарда Instagram арқылы 15 жастағы қызбен танысып, онымен интимді қарым-қатынаста болған ер адам сот алдында жауап берді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Ирбис TV-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Іс материалдарына сәйкес, олардың таныстығы 2025 жылдың ақпан айында басталған. Ол кезде жігіт 19 жаста, ал қыз 15 жаста болатын.

Сәуір айында кездесуге жігіт өзімен бірге ішімдік пен лимонад алып келген. Екеуі бірге ішімдік ішкен. Кейін қыздың үйінде интимді қарым-қатынасқа түскен. Қарым-қатынас өзара келісіммен бірнеше рет болғанымен, бұл әрекет заңсыз саналады. Бұл туралы қыздың анасы білген соң, полицияға арыз жазған.

Қылмыстық іс сотта қаралып, айыпталушының кінәсі толық дәлелденген.

«Айыпталушы ҚР ҚК-нің 122-бабы 4-бөлігі 1-тармағы (он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе өзге де сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасау) бойынша кінәлі деп танылып, 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Сонымен қатар оған өмір бойы педагогикалық қызметпен және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге тыйым салынады», – деп Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Айнұр Юсупова үкім шығарды.

Сотталған азамат сот залында қамауға алынды. Жігіт сот барысында интимдік қатынас болғанын жоққа шығарған жоқ. Қыз бала да бұл әрекеттердің өз келісімімен болғанын айтқан.

Үкім заңды күшіне енген жоқ. Сондай-ақ сот білім басқармасына қыз баланың анасына қатысты шара қабылдау жөнінде жеке қаулы шығарды. Себебі оқиғалар жәбірленушінің үйінде, түнгі уақытта болған. Анасы сол кезде жұмыста болғанымен, заң бойынша кәмелетке толмаған қызын қараусыз қалдырмауы тиіс.