Астанада ер адам фельдшерді жұмыс орнында ұрып кетті: дәрігер бас-ми жарақатын алды

Автор: Асыл Арман

Астанада психикалық денсаулық орталығында фельдшерге шабуыл жасалды

Фото: Видеодан скрин

Астанадағы қалалық психикалық денсаулық орталығына келген ер адам қабылдау бөлімінің фельдшеріне шабуыл жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға 3 сәуір күні болған. Ер адам ауруханаға жатқызылған туысымен шұғыл кездестіруді талап еткен, алайда өзінің мәліметтерін айтудан бас тартқан. Кезекші фельдшер оны қабылдау уақытымен келуге шақырғанда, ер адам медицина қызметкерін ұрып, оқиға орнынан қашып кеткен.

Зардап шеккен фельдшер бас-ми жарақатын және түрлі соққы алған.

Шабуыл жасаған 47 жастағы қала тұрғыны жедел түрде полиция тарапынан ұсталды. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, медицина қызметкеріне қызметтік міндетін атқару кезінде күш қолдану фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 380-3-бабы бойынша іс қозғалған.

«Полиция қызметкерлері күдіктіні ұстады, оған қатысты бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі қаралып жатыр. Астана қаласының полиция департаменті ескертеді: жедел қызмет өкілдеріне қарсы кез келген агрессия мен қорқыту әрекеттері қатаң түрде тоқтатылады», – делінген хабарламада.