Қазығұртта бір топ адам ауыл тұрғынының бар малын айдап кеткен

Автор: Асыл Арман

Шығын көлемі шамамен 5 миллион теңге болған

Фото: istockphoto.com

Түркістан облысында Полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Қазығұрт ауданының полицейлерімен бірлесіп, мал ұрлығымен айналысқан топты қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ІІМ мәліметінше, Қазығұрт аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша, белгісіз біреулер оның 20-дан астам қойы мен сиырын ұрлап кеткен. Келтірілген материалдық шығын шамамен 5 миллион теңге болған.

Ұрлық қылмысын ашу мақсатында полицейлер жедел-тергеу іс-шараларының кешенін жүргізіп, айғақтарды зерделеп, мал ұрыларының ізіне түсті. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 20-35 жас аралығындағы 5 күдікті ұсталды.

Тінту барысында күдіктілердің бірінің тұрғылықты жерінен 17 бас қой мен бір сиыр тәркіленді. Олар ұрланған малдың бір бөлігін күдіктілер базарда сатып, түскен қаржыны қажеттіліктеріне жұмсап үлгерген.

Қазіргі уақытта күдіктілер қамауда. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау бойынша полиция қызметкерлері қажетті шараларды жалғастырып жатыр.