Сараптама да әлі аяқталмаған
Қорғаныс министрінің орынбасары Асқар Мұстабеков Қазақстан аумағында бірнеше ұшқышсыз ұшу аппаратының (БПЛА) фрагменттері табылғанына қатысты пікір білдірді. Арнайы комиссия олардың қай мемлекетке тиесілі екенін анықтау үшін жұмыс істеп жатыр, бірақ ресми қорытындылар әлі жарияланбаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазақстанда ұшқышсыз ұшу аппараттарының (БПЛА) бірнеше фрагменттері табылды. Бұл жағдайларды зерттеу және олардың қай мемлекетке тиесілі екенін анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылды. Комиссия құрамына құзырлы органдардан басқа, қарулы күштердің мамандары да кіріп, эксперттік қызмет атқарып отыр. Қазіргі уақытта комиссияның жұмысы жалғасып жатыр, нақты нәтижелер әлі жарияланған жоқ. Ашық деректерге сүйенсек, екі жағдай расталды, бірақ олардың толық сараптамасы аяқталған жоқ», – дейді Асқар Мұстабеков Мәжіліс кулуарында.
Оның айтуынша, Қазақстанда әуе кеңістігін қорғау үшін әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері ғана емес, радиоэлектрондық күрес құралдары да өз деңгейінде жұмыс істейді.
«Барлық аумақтарда бұл құралдар толық қамтамасыз етілген және заңдық актілермен бекітілген. Тексеру нәтижелері анықталғаннан кейін ғана ресми ақпарат жарияланады. Сонымен қатар, қазір қосымша қорғаныс құралдары, оның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы жабдықтар да сатып алынып жатыр. Алдыңғы жылдары да ұшқышсыз ұшу аппараттарының құлау фактілері тіркелген, мысалы, Маңғыстау мен Батыс Қазақстан облыстарында. Алайда комиссияның шешімдері ведомствоаралық келісімнен кейін ғана толықтай жарияланады. Сондықтан, әзірге олардың қай елге тиесілі екендігі туралы ақпарат ресми түрде бекіген жоқ», – деді Асқар Мұстабеков.