Қазір адам психикасымен жұмыс істеу үшін ешқандай талап жоқ
«Психологиялық қызмет туралы» заң жобасын Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдады. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов мұндай заң не үшін әзірленгенін түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бүгінде көшеде тамақ өнімдерін сату үшін санитарлық кітапша қажет, яғни бұл сала реттелген. Сұлулық салонын ашу үшін де санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің рұқсаты керек. Ал адамның психикасымен, оның өміріндегі ең ауыр кезеңдерінде жұмыс істеу үшін ешқандай талап жоқ. Қазіргі жағдай дәл осындай. Мысал ретінде айтайын. Ажырасқан, күйзелісте жүрген адам, қолында балалары бар, көмек іздейді. Ол әлеуметтік желіден өзін психолог деп таныстырған адамды табады. Әдемі парақша, белгісіз онлайн курстардан алынған сертификат, мыңдаған жазылушы. Ол маманға соңғы ақшасын беріп, айлап барады. Бірақ жағдайы жақсарудың орнына, керісінше нашарлайды», – деді ол.
Депутат атағандай, енді шағымданайын десе – бұл сала мүлде реттелмеген.
«Осындай жағдайларға байланысты біз бұл заң жобасын әдейі әзірледік. Елде мұндай мыңдаған оқиға бар. Бүгінде азаматтар бізге шағымданып отыр. Жасыратыны жоқ, көп отандасымыз депрессиямен күресіп жүр. Бұл – жаһандық тренд. Адамдар көмек іздейді, бірақ ешқандай бақылаусыз, талаптары айқындалмаған нарыққа тап болады. Енді қарапайым сұрақ: егер аспаз адамды улап қойса – мейрамхана жабылады, жауапкершілік қарастырылады. Ал егер жалған психолог адамның тағдырына зиян келтірсе ше? Қазіргі заңнамада оған нақты жауапкершілік қарастырылмаған. Себебі бұл сала реттелмеген», – деді ол.
Жалпы алғанда, мемлекет алғаш рет психология саласының жай ғана тұрмыстық қызмет емес екенін, адамның психикасымен жұмыс істеу – аса күрделі әрі жауапты іс екенін заң деңгейінде бекітеді.
«Қазіргі таңда жастар психологқа жүгінуден ұялмайды. Бұрынғы қорқыныш пен стигма біртіндеп жойылып келеді. Психологиялық көмекке сұраныс артып отыр. Сондықтан біздің міндетіміз – осы саланы заң жүзінде реттеу.Жауапкершілік мәселесіне келсек, егер азаматтың денсаулығына зиян келтірілсе, жауапкершілік бүгін де бар. Мұндай жағдайда, зиянды кім келтірсе де, ол заң алдында жауап береді», – деді ол.