Ол Атырау облысындағы қолдау көрсетілуі тиіс елді мекендерді тізіп шықты
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин «Теңізшевроил» компаниясының Атырауға ғана инвестиция құюын қатаң сынға алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Біз бұған дейін Жылыой ауданымен қатар, ТШО қызметінің әсері Бейнеу ауданына да тиетінін атап өткен едік. Себебі Құлсары, Қараңдық, Опорный, Боранқұл елді мекендері географиялық тұрғыдан жақын орналасқан. Сондықтан тек Атырау облысымен шектелмей, көршілес Бейнеу ауданына да қолдау көрсету қажет. Теңіз жобасы тек Атырау үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін маңызды. Осыған байланысты неге көмек тек бір өңірмен шектеледі деген сұрақ туындайды. Оның үстіне, Бейнеу ауданына қарасты Боранқұл сияқты елді мекендер де өндірістің әсерін сезініп отыр», - деді депутат.
Оның айтуынша, бұған дейін компания басшылығы тарапынан Бейнеу ауданына көмек көрсетіледі деген міндеттемелер болғанымен, нақты қолдау көрсетілмеген.
«Сондықтан Бейнеу ауданына көмек көрсету мәселесін қайта қарастыруды сұраймыз. Кей деректерге сәйкес, Атырау облысына бөлінетін 25 млн доллар көлеміндегі қаражат толық игерілмей жатады. Сол қаражаттың бір бөлігін, мысалы 122 млн доллар көлемінде, Бейнеу ауданына бағыттауға болады.Ауданда ауруханалар, мектептер, мәдениет ошақтары, спорт нысандары бар – барлығы да қолдауды қажет етеді.Компания өкілдері бұл ұсынысты қолдап, көмектесуге дайын екенін білдірді. Аталған мәселе протоколға енгізіліп, аудан және облыс әкімдіктерімен бірлесіп нақты қажеттіліктер айқындалатын болды.Сонымен қатар, Бейнеу ауданы ТШО өндірістік аймағына өте жақын орналасқан (шамамен 54 км), сондықтан әлеуметтік қолдау көрсету орынды деп есептеледі», - деді ол.