Елордада жол ережесін өрескел бұзған жүргізуші ұсталды
Астанада Республика даңғылының бойында 115 км/сағ жылдамдықпен жүріп өткен жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалалық Полиция департаменті Республика даңғылында «Changan Depal» автокөлігін басқарған жүргізушінің 33 жаста екенін анықталды. Ол 115 км/сағ жылдамдықпен қозғалып, бағдаршамның тыйым салынған қызыл белгісінен өтіп кеткен. Сонымен қатар, ол жол үстіндегі әрекеттерін ұялы телефонға түсіріп, кейін әлеуметтік желілерде жариялаған, осылайша жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзған.
«Жүргізуші бірнеше бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Атап айтқанда, қауіпті маневрлер жасау, көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдалану, жол белгілері мен таңбаларын елемеу, белгіленген жылдамдықты асыру, сондай-ақ бағдаршамның тыйым салынған сигналына өту деректері тіркелді.
Сот шешімімен жол қозғалысы қағидаларын қасақана әрі өрескел бұзғаны үшін жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Автокөлік коммуналдық тұраққа қойылды», – делінген ПД хабарламасында.
Астана қаласы Полиция департаменті жол қозғалысы қағидаларын сақтау әрбір қатысушының міндеті екенін еске салады. Белгіленген талаптарды елемеу заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеледі. Жолдардағы құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу жұмысы тұрақты негізде жалғасып жатыр.