Мораторийден кейін коммуналдық қызмет қымбаттайды және ол ашық айтылып жүр - вице-министр
Тарифтердің өзгеру мерзімі аймаққа байланысты әртүрлі болуы мүмкін
Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов үкімет жариялаған мораторийден кейін коммуналдық тарифтер қалай өзгеретінін түсіндіріп берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Коммуналдық тарифтерді бекіту мәселесіне тоқталсақ, бұл табиғи монополияларды реттеу комитетінің құзыретіне жатады. Тарифтер халыққа да, заңды тұлғаларға да осы орган бекітіп береді. Бұған дейін 1 сәуірге дейін тарифтерге мораторий қолданылған болатын. Қазір ол мораторий аяқталды. Дегенмен, ертеңнен бастап табиғи монополия субъектілері тарифтерді өз бетінше қымбаттата алмайды. Ол үшін міндетті түрде тиісті өтініш беріп, белгіленген тәртіп бойынша қаралуы қажет», - Есімханов.
Оның айтуынша, егер өтініштер алдын ала берілген болса, олар қазір қарастырылып жатыр.
«Бұл ретте шешімдер ұлттық экономика министрлігі мен салалық органдардың бірлескен жұмысы арқылы қабылданады. Табиғи монополиялар субъектілерінің өтінімдерін профильді органдар қарайды, ал біз электр энергиясын өндіруші стансалардың тарифтерін, олардың негізділігін зерттеп, содан кейін ғана шешім шығарамыз.Сонымен қатар, әр өңірде аумақтық департаменттер бар, сондықтан тарифтердің өзгеру мерзімі аймаққа байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, электр энергиясы бойынша өтініштер ертерек түссе, су тарифтері бойынша кешірек берілуі ықтимал. Қалай болғанда да, тарифтер қоғамдық тыңдау өтпестен қымбаттай алмайды»,- деп сендірді Есімханов үкіметтегі брифингте.
Вице-министр тарифтер қымбаттайды деген болжам бар және ол ашық айтылған дейді.
«Себебі инфляция әсер етеді, қызмет көрсетуге қажетті құрал-жабдықтар қымбаттап жатыр. Сонымен қатар, бұл салада да азаматтар жұмыс істейді, олардың жалақысын көтеру қажеттілігі бар. Сондықтан тарифтердің өсуі объективті себептерге байланысты қарастырылады. Электр энергиясы саласына келсек, қазіргі таңда елде цифрландыру және жасанды интеллект енгізу процесі жүріп жатыр. Алайда бұл салада белгілі бір қиындықтар бар. Атап айтқанда, электр энергиясын өндіру көлемі толық жеткіліксіз, сондықтан кей кезеңдерде импортқа тәуелділік байқалады. Сонымен қатар, электр желілерінің тозуы да мәселелердің бірі», - деді Сұңғат Есімханов.