Ақтөбе облысында бір тәулікте екі бала көпқабатты үйдің терезесінен құлап кетті

Автор: Алмас Ерсін

Оқиғалар Ақтөбе мен Қандыағашта болған

Фото: istockphoto.com

Өткен тәулікте Ақтөбе облысында балалардың көпқабатты үйлердің терезесінен құлауына байланысты екі оқиға тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Ақтөбе қаласындағы Есет батыр шағынауданында 6 жастағы бала екінші қабаттың терезесінен құлап кетті. Ал Қандыағашта 4 жастағы бала үшінші қабаттан құлаған. Екі жағдайда да балалар небәрі бірнеше минут қараусыз қалып, масаға қарсы торға сүйеніп, төменге құлап кеткен», – деді Ақтөбе облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Руслан Наурызбаев.

Абырой болғанда, екі жағдайда да балалар қатты жарақат алмаған.

Руслан Наурызбаев ата-аналарға ашық терезенің бала үшін аса қауіпті екенін тағы бір мәрте еске салды. Оның айтуынша, масаға қарсы тор баланы құлап кетуден қорғамайды, ал бір сәттік аңғармай қалу орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін.

Сондықтан қайғылы жағдайдың алдын алу үшін:

  • балаларды қараусыз қалдырмау;
  • терезелерге қорғаныс құлпы мен тор орнату;
  • жиһазды терезе маңынан алыстату қажет.