Астанадағы Small дүкенінде түсірілген видео жұртты алаңдатты: шикі ет үстінде торғайлар жүрген

Автор: Алмас Ерсін

Дүкендегі шикі ет сөресінде жүрген торғайлар түсірілген видео желіде 82 мыңнан астам қаралым жинап, санитарлық талап мәселесін көтерді

Фото: threads.com/@arukarollayevna видеодан скриншот

Елордадағы Small сауда желісінің филиалдарының бірінде түсірілген видео әлеуметтік желіде кеңінен тарап, қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кадрларда тоңазытқыш сөресіндегі ашық шикі еттің үстінде бірнеше торғайдың емін-еркін жүргені анық байқалады.

Оқиға Тұран даңғылы, 65 мекенжайындағы супермаркетте болғаны айтылып отыр. Куәгерлердің сөзінше, құстар ет салынған астаулардың үстіне қонып, сөре ішінде еркін қозғалған. Сол сәтте дүкен қызметкерлері жағдайды реттеуге асықпағаны да желіде қызу сынға ұшырады.

Сауда залынан түсірілген бұл кадрлар небәрі 13 сағат ішінде 82 мыңнан астам қаралым жинап үлгерген. Желі қолданушылары мұндай көрініс санитарлық қауіпсіздікке күмән туғызатынын айтып, әсіресе инфекциялық ауру тарау қаупіне алаңдап отыр.

Аталған жағдайдан кейін жұртшылық дүкендегі азық-түлік сақтау талаптарының сақталуына қатысты сұрақ көтере бастады. Ашық ет өнімдеріне құстардың жақындауы – сауда орындары үшін өрескел санитарлық тәуекелдердің бірі.

Қазіргі уақытқа дейін бұл жайтқа байланысты Small сауда желісі де, аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары да ресми пікір білдірген жоқ.