Қала аумағында арнайы рейд жүргізілді
Қызылорда қаласында тәртіп сақшылары өткен үш күнде жүздеген әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті. Қала аумағында полиция қызметкерлері журналистермен бірлесіп ауқымды рейд жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өңірде полиция, БАҚ өкілдерінің және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен ауқымды жедел-профилактикалық рейдтер жүргізілуде.
«Мұндай бірлескен іс-шаралар барысында қала көшелеріндегі тәртіп, қоғамдық орындардағы қауіпсіздік, жол қауіпсіздігі, заң бұзушылықтардың алдын алу мәселелері басты назарға алынды. Рейд барысында тәртіп сақшыларымен барлығы 358 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Мысалы қоғамдық орындарға масаң күйде келудің 64 дерегі, ортақ пайдаланылатын орындарды ластаудың 5, тыныштықты бұзудың 44 дерегінің жолы кесілді. Құқық бұзушылықтың дер кезінде жолын кесу, алдын алу және әрбір тәртіп бұзушыны жауапқа тарту жауапкершілікті қалыптастырудың, халықтың құқықтық мәдениетін арттыру жөніндегі жүйелі жұмыстың маңызды құралы болып саналады.
Сонымен қатар 42 жасөспірім заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болған. Баланы кешкі уақытта жалғыз жіберу арқылы оны қауіп-қатерге ұшыратып қана қоймай, заңды бұзуға дейін барады. Өйткені көбіне түнгі уақытта ересектердің еріп жүруінсіз жүрген кәмелетке толмағандармен және оларға қарсы жасалатын құқық бұзушылықтар мен қылмыстар жасалатыны жасырын емес», – делінген облыстық ПД хабарламасында.
Рейд барысында ойын-сауық орындарында жастар арасында кальян тұтынуға жол берілген жоқ: темекі өнімдерін, оның ішінде кальянды тұтынудың 6 дерегінің жолы кесілді.
Осындай бақылау мен түсіндіру жұмыстары жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың азаюына, сондай-ақ олардың бос уақытын тиімді әрі қауіпсіз өткізуіне ықпал етеді.
Рейд барысында облыс орталығында полиция қызметкерлері есірткі құралдарын заңсыз сақтау, тасымалдау және тарату фактісінің жолын кесті. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Бұл дер кезінде қабылданған шаралар одан да ауыр салдардың алдын алуға мүмкіндік береді.
«Қызылорда облысының Полиция департаменті қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде жалғастырып келеді. Себебі мұндай шаралар халыққа құқықтық мәдениеттің маңызын түсіндіруге ықпал етпек. Өңірде жүргізіліп жатқан жүйелі профилактикалық шаралар мен бақылау жұмыстарының нәтижесінде «Заң мен тәртіп» толық орнатылған», – деді Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов.