Ол несие алып, оның да ақшасын аударып жіберген
Ақтөбеде 25 жастағы тұрғын алаяқтардың қоңырауынан кейін пәтерін сатып, оларға 12 миллион теңгеден астам қаражат аударған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өңірлік Полиция департаментінің мәліметінше, 25 жастағы ақтөбелікке өзін «Қазпошта» қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адам хабарласып, атына келген сәлемдеме бар екенін айтқан. Оны алу үшін 1414 нөмірінен келген кодты айтып беруін сұраған.
Біраз уақыттан кейін SMS-кодты алған соң жәбірленушімен өзін банк қауіпсіздік қызметінің қызметкері ретінде таныстырған тағы бір алаяқ байланысқа шыққан. Ол жәбірленушінің атына несие рәсімдеуге әрекет жасалып жатқанын айтып, алдын алу үшін ақшаны «қауіпсіз шотқа» аудару қажет екенін жеткізген.
Алаяқтардың нұсқауларын орындаған жәбірленуші банктерден несие рәсімдеп, пәтерін сатып, 12 миллион теңгеден астам қаражатты аударып жіберген.
Аталған факті бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.