Қазақстан гимнастары Каирде күміс пен қола жеңіп алды

Автор: Алмас Ерсін

Алтын жүлде Армения спортшысына бұйырды

Фото: /t.me/DRSQazaqstan

Египет астанасы Каирде спорттық гимнастикадан әлем кубогінің 4-кезеңі жалғасып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан ерлер құрамасының өкілдері Зейнолла Ыдырысов пен Нариман Құрбанов ат снарядындағы жаттығуда күміс және қола медаль жеңіп алды. Ал алтын жүлде Армения спортшысы Гамлет Манукянға бұйырды.

  • Гамлет Манукян (Армения) – 14.800
  • Зейнолла Ыдырысов (Қазақстан) – 14.566
  • Нариман Құрбанов (Қазақстан) – 14.566

Дүйсенбі, 6 сәуір күні қазақстандық спортшылар финалда жүлде үшін күресті жалғастырады. Алтынхан Темірбек пен Асан Сәлімов тіреп секіруде өнер көрсетсе, Ілияс Әзізов кермедегі жаттығуда сынға түседі.

Каирдегі әлем кубогі кезеңіне 30 елден 70 спортшы қатысып жатыр.