Атырау облысында бір топ жігіт полицейлерді соққыға жыққан

Автор: Дәулет Ботагөз

Оқиға мас адамдарға полицейлердің ескерту жасағанынан басталған

Фото: © freepik.com

Атырау облысының Мақат ауданында бір топ жас жігіт қызметтік міндетін атқарып жүрген тәртіп сақшыларына шабуыл жасаған. Тәртіпке шақырған полицейлерге жұдырық ала жүгірген бұзақылар енді темір торға тоғытылуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратты Атырау облыстық Полиция департаменті растады. Оқиға мас адамдарға полицейлердің ескерту жасағанынан басталған. Ресми мәліметке сәйкес, жасөспірімдер мен жас жігіттерден құралған топ қоғамдық орында тәртіп бұзған. Оқиға орнына келген құқық қорғау органдарының қызметкерлері оларды сабырға шақырмақ болғанда, жанжал туындап, соңы төбелеске ұласқан.

«Оқиға салдарынан екі қызметкер зардап шекті. Қазіргі уақытта оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталды. Оларға қатысты тиісті процессуалдық шаралар қабылданды», — деп хабарлады мекеме өкілдері.

Полиция бұл дерек бойынша бірден қылмыстық іс қозғады. Күдіктілердің әрекеті Қылмыстық кодекстің «Билік өкіліне қатысты қорқыту немесе күш көрсету әрекеттері» бабы бойынша тергелуде.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. 

Айта кетейік, аталған бап бойынша кінәлі деп танылғандар ірі көлемде айыппұл төлеуі немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.