Түркістан облысы мен Шымкентте зиянкестермен күрес басталды

Автор: Дәулет Ботагөз

Елді мекендер жаппай залалсыздандырылып жатыр

Фото: Шымкент әкімдігі

Оңтүстік өңірде күн жылынысымен кене, маса және шіркей қаптады. Қазіргі таңда қауіпті инфекциялардың алдын алу мақсатында елді мекендер жаппай залалсыздандырылып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Шымкент қаласында мамандар ең алдымен кене арқылы жұғатын инфекция қаупі жоғары өңірлерді қолға алды. Қазірдің өзінде 8 елді мекендегі 995 мың шаршы метрден астам аумақ өңделді.

Бұл жұмыстар екі кезеңнен тұрады және оған бюджеттен 4,8 млн теңге бөлінген. 74 тұрғын алабындағы 20 мыңнан астам шаруашылық құрылыстары зарарсыздандырылады. Бүгінде қалада Конго-Қырым геморрагиялық безгегі (КҚГБ) тіркелген жоқ. Алайда кене шаққан 16 тұрғын медициналық көмекке жүгініп үлгерген.

«Тұрғындардан табиғатқа шыққанда және жануарлармен жұмыс істегенде сақтық шараларын сақтауды сұраймыз. Кене шаққан жағдайда дереу дәрігерге көріну қажет», — деп ескертеді Шымкент қалалық СЭҚД мамандары.

Түркістан облысында жағдай Шымкентке қарағанда анағұрлым күрделірек. Өңірде Конго-Қырым безгегі бойынша тіркелген 170 елді мекен бар. Кенеге қарсы өңдеу жұмыстары мамыр айының ортасына дейін жалғасады. Зарарсыздандыру жұмыстарын Ұлттық сараптама орталығының мамандары кезең-кезеңімен жүргізіп жатыр.

Биыл Шымкентте маса мен шіркейге қарсы жұмыс көлемі екі есе артты. Егер бұрын 5 кезеңмен шектелсе, биыл 10 кезеңдік өңдеу жоспарланған. 14 саябақ, 45 аллея, 37 су айдыны қамтылып, бірнеше жылдан бері тиімділігін дәлелдеген «Тиаметрин» дәрісі қолданылады. 30 маман мен 20 техника түнгі уақытта жұмыс істейтін болады. 

Ал Түркістан облысындағы Сырдария бойындағы аудандарда, әсіресе Отырар өңірінде шіркеймен күрес жүріп жатыр. Мұнда биологиялық және химиялық әдістер қатар қолданылуда. Бұл үшін 10 қайық пен 18 техника жұмылдырылды.