Сотқа шақыру қағазы: Қазақстанда алаяқтықтың жаңа түрі тарап жатыр
Алаяқтар сотқа шақыру туралы жалған хабарламалар жолдауда
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде интернет-алаяқтықтың жаңа схемасы тарап жатыр. Алаяқтар өздерін мемлекеттік орган қызметкерлері ретінде таныстырып, қазақстандықтарға сотқа шақыру туралы жалған хабарламалар жолдауда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Абай облысы департаментінің мәліметінше, мұндай хабарламаларда айыппұлмен қорқытып немесе сілтеме арқылы «мәселені шешуді» ұсынуы мүмкін.
«Бұл сілтемелер жалған сайттарға апарады. Олар ресми порталдарға ұқсатып жасалған. Онда қолданушыдан ЖСН, банк картасының деректері және SMS-кодтар сияқты жеке мәліметтер сұралады. Мұндай ақпаратты енгізу алаяқтарға сіздің қаржыңызға қол жеткізуге мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.
Полиция мемлекеттік органдар мұндай сілтемелерді таратпайтынын, ал сотқа шақыру тек ресми жолдармен жіберілетінін еске салды.
Азаматтар күмәнді сілтемелерге өтпеуге, жеке деректерін ешкімге бермеуге және қажет болған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырылды.