БҚО-да ауыл тұрғындарының тіркелген мекенжайлары ауысып кеткен
Шенеуніктер үй нөмірлерін реттемек болған
Батыс Қазақстан облысының Подстепное ауылында үй нөмірлерін реттемек болған шенеуніктердің әрекеті мәселеге ұласты. Ресми құжаттардағы өзгерістерден кейін тұрғындар өз үйлерінде емес, көршілерінің мекенжайында тіркеуде тұрғанын білген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жергілікті билік «тәртіп орнату» мақсатында көшелердегі үй нөмірлерін жаппай ауыстырған. Алайда бұл қадам техникалық қателіктерге әкеліп соқты. Ауыл тұрғыны Светлана Чумакованың айтуынша, оның үйінің нөмірі 62-ден 10-ға өзгерген соң, құжат жүзінде үй иесі де ауысып кеткен.
«Қоқыс үшін 8 адамға төлем келе бастады, ал біз үйде небәрі 4 адамбыз. Әкімдікке анықтама алуға барғанымда, бұл үйде мүлдем бөтен адамдар тіркелгенін, ал өзіміздің басқа мекенжайда тұрғанымызды білдім», — дейді Светлана Чумакова.
Тұрғындардың айтуынша, қазір ауылда көршілер бір-бірінің үйінде жазылған, ал заңды иелері өз мүлкін сата алмай немесе балаларына құжат рәсімдей алмай отыр. Мәселен, Владимир Филимоновтың қызы тіркеуі болмағандықтан, жеке куәлігін ала алмай жүр.
Подстепное ауылының әкімі Мейірбек Сұлтанов бұл жағдайды қалыпты қабылдап отыр. Оның сөзінше, ауылда бастапқыда үй нөмірлері қате қойылған, сондықтан оны түзету қажет болған.
Енді тұрғындар ЭЦҚ арқылы eGov немесе ХҚКО-ға өздігінен өтініш беруі керек. Сәулет бөлімінен мекенжай тіркемесін алып, жаңа нөмірді растау қажет және қайта тіркеу жұмыстарын әр меншік иесі жеке жүргізуі тиіс.
Мамандар тұрғындарға ХҚКО-ға барып, жылжымайтын мүлік анықтамасын мұқият тексеруді ұсынады. Әйтпесе, заңсыз тіркелген адамдарды шығару немесе үйді қайта меншіктеу жұмысы сот арқылы шешілуі мүмкін.