Сот отырысында жалған айғақ берген адвокат пен жәбірленуші жазаланды
Олар зорлау ісі бойынша сотта жалған айғақ берген
Түркістан облысындағы Сарыағаш аудандық соты адвокат пен жергілікті тұрғынға қатысты үкім шығарды. Олар зорлау ісі бойынша сотта жалған айғақ бергені үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл істің мән-жайы Бас прокуратураның арнайы прокурорлары жүргізген тергеу кезінде белгілі болды. Алғашында зорлау дерегі бойынша жәбірленуші ретінде танылған азамат сот залында кенеттен өз сөзінен бас тартқан. Ол күдіктіні қылмыстық жауапкершіліктен құтқару мақсатында бұған дейін берген шынайы айғақтарынан бас тартып, жалған мәлімет берген.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 420-бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Тексеріс барысында жәбірленушінің өздігінен емес, адвокаттың итермелеуімен өтірік айтқаны дәлелденді. Қорғаушы кәсіби этиканы аттап өтіп, заңсыз әрекетке барған.
2026 жылғы 18 ақпанда Сарыағаш аудандық соты тараптардың кінәсін толық мақұлдап, қорғаушы бес жылға бас бостандығынан айырылды. Ал жәбірленуші - 6 жыл 6 айға сотталды.
«Сот үкімімен қорғаушы мен азаматша кінәлі деп танылып, оларға тиісінше бес және алты жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», — деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Айта кетейік, ҚР Қылмыстық кодексі бойынша сотта жалған айғақ беру — ауыр қылмыс саналады және әділ сот төрелігіне кедергі келтіргені үшін қатаң жауапкершілік қарастырылған.