Әрекет қыз бала 11 жасқа толғанда басталған
Шымкентте өз баласына жасаған қорлығы үшін жергілікті тұрғын ең ауыр жазаға кесілді. Ол туған қызын бірнеше жыл бойы қорлап келген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, сұмдық әрекет қыз бала 11 жасқа толғанда басталған. Жасөспірім әкесінен көрген зорлық-зомбылықты айтуға қорыққандықтан, бұл қылмыс бірнеше жыл бойы жасырын қалып келген. Тек 15 жасқа толғанда ғана қыз бала құқық қорғау органдарына арыздануға батылы барған. Оқиға әшкере болған соң, ол бірден Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жіберілген. Онда мамандар зардап шеккен жасөспірімге қажетті психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіп жатыр.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты істің мән-жайын қарап, шешім шығарды. Кінәлі тұлға ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы 4-бөлігі («Жас балаға жасалған зорлық») бойынша айыпты деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Оған педагогикалық лауазымдарда және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу құқығынан өмір бойына тыйым салынды.
«Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ», — деп нақтылады Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі.