Жастарға арналған жалдамалы пәтер бағдарламасы тоқтатылады
Үкімет жастарға баспаналы болудың балама жолдарын ұсынды
Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы жастарға пәтер жалдау мүмкіндігін берген бағдарлама ресми түрде жойылады. Үкімет басшысының орынбасары Аида Балаева бұл шешімнің себебін түсіндіріп, жастарға баспаналы болудың балама жолдарын ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2026 жылдың 9 қаңтарында қол қойылған жаңа ҚР Құрылыс кодексі мен заңнамалық өзгерістер жастар саясатының тетіктерін қайта қарауға негіз болды. 27 наурыздағы бұйрыққа сәйкес, жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалдамалы тұрғын үй беру ережелері өз күшін жойды.
«Бағдарламаның мақсаты айқын болды. Жас мамандарға қолжетімді баспана беріп, осы уақыт ішінде мамандығына бекіп, өз үйін алуға алғашқы жарна жинауға мүмкіндік жасау», — деп жазды Аида Балаева әлеуметтік желідегі парақшасында.
Көптеген қатысушыны «Пәтерлерді меншігімізге қалдыра аламыз ба?» деген сұрақ мазалайтыны анық. Министрдің айтуынша, бағдарлама басынан бастап «сатып алу құқығынсыз» деп бекітілгендіктен, ереже бәріне ортақ. Келісімшарт мерзімі аяқталғандар пәтерді босатып, бекітілген тәртіппен әрекет етуі тиіс. Мерзімі әлі бітпегендер болса, келісімшартта көрсетілген уақыт аяқталғанша пәтерде тұра береді. Ал босаған пәтерлер әкімдіктердің құзырына өтіп, кезекте тұрған өзге азаматтарға заң аясында бөлінеді.
Қазіргі таңда баспана мәселесін шешудің бірнеше жолы бар:
1. «Отбасы банкімен» бірлесіп 17 өңірде өңірлік бағдарламалар іске қосылды. Қазірдің өзінде 12 мың жас маман қоныс тойын тойлады.
2. «Отау», «Наурыз» және «Наурыз Жұмыскер» жобаларына қатысуға болады. Мұнда мақұлданған өтінімдердің 62 пайызы – 35 жасқа дейінгі азаматтар.
Айта кетейік, жалдамалы үй бағдарламасы іске қосылғаннан бері 10 мыңнан астам қазақстандыққа қолдау көрсетілген. Жалдау ақысы айына 5 мыңнан 15 мың теңгеге дейін болған еді.