Қазақстан терроризм индексі бойынша әлемдегі ең қауіпсіз ел атанды

Автор: Дәулет Ботагөз

Ол АҚШ, Ресей және Қытай сияқты алпауыт мемлекеттерді басып озды

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Жаһандық терроризм индексінің (GTI) 2026 жылғы қорытындысы бойынша Қазақстан қауіпсіздік деңгейі жағынан АҚШ, Ресей және Қытай сияқты алпауыт мемлекеттерді басып озды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, Қазақстан 0.000 минималды көрсеткішін иеленіп, әлемдегі терроризм қаупі жоқ елдердің қатарына енді. Бұл елімізде террористік оқиғалардың  іс жүзінде жоқ екенін білдіреді.

Рейтингте Қазақстанмен қатар Орталық Азия елдерінен Қырғызстан мен Түрікменстан да 100-орынды өзара бөлісіп, ең қауіпсіз ел ретінде танылды.

Көршілес елдердің көрсеткіші:

  • Өзбекстан – 95-орын
  • Тәжікстан – 41-орын
  • Ресей – 17-орын;
  • АҚШ – 28-орын;
  • Қытай – 54-орын.

Рейтингтегі көшбасшы елдер ретінде Пәкістан, Буркина-Фасо және Нигер аталды.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның мұндай жоғары деңгейге жетуіне бірнеше маңызды фактор әсер еткен. Біріншіден, елімізде стратегиялық нысандарды (әуежайлар, теміржол тораптары) қадағалаудың заманауи технологиялары енгізілген.

Екіншіден, күштік құрылымдар ШЫҰ және ҰҚШҰ шеңберінде халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, тұрақты түрде жедел әрекет ету жаттығуларын өткізіп тұрады. Бүгінде елімізде мектептер мен университеттерде қауіпсіздік бағдарламалары енгізілген.

«Қазіргі таңда Қазақстан ең қауіпсіз мемлекет мәртебесін сақтап қана қоймай, халықтың ақпараттық сауаттылығын арттыру арқылы ішкі тұрақтылықты нығайтып отыр», — деп түйіндеді зерттеушілер.