16 жастағы қыз баланы зорлап кеткен: Қызылорда облысында жасөспірім босанды
Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жолданды
Қызылорда облысында зорланған 16 жастағы жасөспірім қыз босанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Арыз негізінде кәмелетке толмаған адамды зорлау және 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас жасау деректері бойынша полициямен қылмыстық істер қозғалды. Екі күдікті дереу ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды.
Қазіргі уақытта қылмыстық істердің бірі – 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас жасау дерегі бойынша іс сотқа жолданды.
«Екінші қылмыстық іс бойынша қажетті кешенді тергеу және процестік әрекеттер жүргізілуде. Қылмыстық процеске қатысушылардың уәждері тексеріліп, дәлелдемелерді жинау және талдау жүзеге асырылуда.
Тергеу органдары істің барлық мән-жайларын мұқият анықтап, зерделеуде. Толық және жан-жақты тергеу нәтижелері бойынша заңды шешім қабылданатын болады. Іс Қызылорда облысы ПД басшылығының ерекше бақылауында», – делінген Полиция департаментінің агенттік тілшісіне берген түсініктемесінде.
Полиция азаматтарға жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік барын еске салып, тек ресми дереккөздерге ғана сенуге шақырады.