Оқиға 31 наурыз күні сағат 14:00 шамасында Теректі ауданы Подстепное ауылының маңында болған
Батыс Қазақстан облысында дәрігерлер апатқа ұшыраған мектеп автобусында зардап шеккендердің жағдайы туралы мәлімет берді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Мой город» басылымына сілтеме жасап хабарлайды .
Жол-көлік оқиғасы 31 наурыз күні сағат 14:00 шамасында Теректі ауданы Подстепное ауылының маңында болған.
Жолаушылар автобусы балалар мінген мектеп автобусының арт жағынан соққан. Салдарынан мектеп автобусы алында тұрған Ford Galaxy көлігіне соқтығысқан. Жалпы 30 адам зардап шекті: 23 бала және 7 ересек. Жолаушылар автобусының жүргізушісі ұсталып, үстінен қылмыстық іс қозғалды.
3 сәуір күні БҚО денсаулық сақтау басқармасы травматология бөлімінде «жабық бас-ми жарақаты» диагнозымен төрт бала жатқанын хабарлады.
«Қалған 19 бала мен 7 ересек науқас толық тексеруден (рентгенография, ультрадыбыстық зерттеу, компьютерлік томография, зертханалық талдаулар) өтіп, салалық мамандардың қарауынан кейін амбулаториялық ем алуға жіберілді және тиісті ұсынымдар берілді», – деп мәлімдеді дәрігерлер.
Қазіргі уақытта стационарда жатқан төрт баланың жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр.