Емдеу және оңалту: Қазақстанда 17 мыңнан астам баладан аутизм анықталды

Автор: Аягөз Құрмаш

Қазір елімізде 80 медициналық оңалту орталығы бар

Фото: Freepik

Қазақстанда 2026 жылы аутистік спектрдегі бұзылыстары (АСБ) бар 17 196 бала тіркелген. Өсу көрсеткіші диагностиканың жақсаруы, ерте анықтау бағдарламаларының кеңеюі және медициналық көмек қолжетімділігінің артуымен байланысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

АСБ бар балаларға көмек көрсетудің бірыңғай маршруты қалыптастырылған: 16-30 айлық балаларда ерте анықтаудан бастап, кешенді көмек, оңалту, білім беру және әлеуметтік бейімдеуге дейінгі кезеңдер қамтылған. Диагностика M-CHAT-R скринингі арқылы жүргізіледі, ал диагноз психиатр дәрігер тарапынан тек 3 жастан бастап қойылады. Айқын белгілер байқалған жағдайда психикалық денсаулық орталықтарында дәрі-дәрмекпен емдеу және стационарлық көмек көрсетіледі.

Қазіргі кезде елімізде 80 медициналық оңалту орталығы, оның ішінде 20 ерте араласу орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар, әлеуметтік қорғау жүйесінде 8 күндізгі болу орталығы, ал білім беру жүйесінде 11 түзету орталығы АСБ бар балаларға қызмет көрсетеді.

АСБ кезінде түзету көмегі симптомдардың айқындылығын төмендетуге және өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Әлемде негізгі емдеу әдісі – психологиялық-педагогикалық және мінез-құлықтық терапия.