Алматыда екі күнде екі мыңнан аса адам көлігінен айырылды

Автор: Асыл Арман

Екі күнде жол қозғалысы ережелерін бұзудың 4 828 дерегі анықталды

Фото: Алматы қаласы ПД/Видеодан скрин

Алматы қаласында екі күн ішінде 2 мыңнан астам автокөлік айыппұл тұрағына қойылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматы қаласында жол-көлік оқиғаларын азайту және жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін арттыруға бағытталған «Стоп – бұзушылық» жедел-профилактикалық іс-шарасының аралық қорытындылары шығарылды.

«Іс-шараның екі күні ішінде полиция қызметкерлерімен жол қозғалысы ережелерін бұзудың 4 828 дерегі анықталды.

Іс-шара барысында қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіретін өрескел құқық бұзушылықтарға ерекше назар аударылуда. Атап айтқанда, көлік құралын басқару құқығы жоқ тұлғалардың басқаруымен байланысты 44 дерек, сондай-ақ бұрын бұл құқығынан айырылған жүргізушілердің көлік басқарған 8 фактісі тіркелді.

Сонымен қатар, жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдалану бойынша 8 дерек және қарсы қозғалыс жолағына шығудың 15 фактісі анықталып, жолы кесілді. Бұл құқықбұзушылықтар ауыр жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі болып саналады», – делінген ПД хабарламасында.

Жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында 2 мыңнан астам көлік құралы, оның ішінде шетелдік тіркеудегі автокөліктер де арнайы айыппұл тұрағына қойылды.

Қала полициясы күшейтілген режимде жұмысын жалғастыруда. Бұл ретте өңірлерден қосымша күштер тартылып, негізгі магистральдарда сүзгілік бекеттер ұйымдастырылған.

Алматы қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Абдинұр Тасыбаевтың айтуынша, іс-шараның басты мақсаты – құқық бұзушылықтарды анықтаумен қатар, жол-көлік оқиғаларының алдын алу.

«Біз жол қозғалысы қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін өрескел құқық бұзушылықтардың жолын кесуге баса мән береміз. Атап айтқанда, көлік құралын басқару құқығынсыз немесе одан айырылғаннан кейін басқару, қарсы жолаққа шығу, жалған нөмірлік белгілерді пайдалану. Мұндай әрекеттер адамдардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіреді, сондықтан біздің ұстанымымыз қатаң әрі принципті болып қала береді», – деді Әбдинұр Тасыбаев.

Полицияда атап өткендей, профилактика және жазаның бұлтартпастығы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі құралдары болып табылады.