Олар Тәжікстан елінің азаматы болып шықты
Алматы қаласының орталығында қыздарға кәмелетке толмаған қайыр сұраған топ шабуыл жасаған. Олар көшеде қайыр сұраған адамдар ақша бермесе, баса көктеп, қолдарына түскен дүниені лақтырған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Әлеуметтік желіде оларға арыз-шағым көбейген. Жапа шеккендер полицияға арызданған. Оқиға 2 сәуір күні шамамен сағат 16:50-де Құрманғазы көшесі бойында «Кафетерия» маңында болған. Жәбірленушінің айтуынша, ол достарымен серуендеп жүрген кезде бір топ қыз келіп, ақша сұраған. Олар сыпайы түрде бас тартқаннан кейін жанжал басталған.
Зардап шеккендердің сөзінше, шабуыл жасағандар оларды балағаттап, шаштарынан тартып, тырнап, тас лақтырып, тіпті әйнек бөтелкемен соққы жасаған. Сонымен қатар олардың заттарын тартып алып, үстілеріне сұйықтық шашқан. Жәбірленушілердің айтуынша, олар кейін жақын маңдағы дәмханаға кіріп жасырынғанымен, күдіктілер сонда да келіп, жанжалды жалғастыруға тырысқан.
Алматы қаласының Полиция департаменті аталған іс бойынша Медеу және Алмалы аудандарының полиция басқармалары тарапынан тексеру іс-шаралары жүргізіліп, кәмелетке толмағандардың жеке басы анықталып, аумақтық полиция бөлімшелеріне жеткізілгенін хабарлады.
Анықталғандай, жасөспірімдер Тәжікстан Республикасының азаматтары болып шықты.
«Олар толықтай Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Оларға профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тексеру нәтижелері бойынша олардың заңды өкілдері балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, аталған тұлғаларға қатысты Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасы шеңберінде ел аумағынан шығару шаралары қабылданып жатыр», - деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.