Ормуз бұғазының жабылуы ОПЕК+ құрамындағы бірнеше елге әсер еткен жоқ
ОПЕК+ құрамындағы сегіз ел 5 сәуірде мұнай өндіру квоталарын ұлғайту туралы келісімге келуді жоспарлап отыр. Бұл шара әзірге нақты жеткізілім көлеміне тікелей әсер етпейді, бірақ Ормуз бұғазы ашылған жағдайда өндірісті жедел арттыруға дайын екенін білдіретін белгі болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Reuters-ке сілтеме жасап.
Басылым дереккөздерінің айтуынша, іс жүзінде бұл шешім алғашқы кезеңде ұсыныс көлеміне айтарлықтай ықпал етпейді. Себебі АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысына байланысты Ормуз бұғазы әлі де жабық күйінде қалып отыр.
«Біз, ең болмаса, қағаз жүзінде жауап беруіміз керек», – деді агенттікке сұхбат берген дереккөздердің бірі.
Иранға қарсы соғыс мұнай жеткізіліміндегі тарихтағы ең ірі үзіліске алып келді. ОПЕК-тің жетекші өндірушілері – Сауд Арабиясы, Ирак, Кувейт және Біріккен Араб Әмірліктері өндірісті қысқартуға мәжбүр болды. Әлемде саудаланатын мұнайдың 20 пайыздан астамы Ормуз бұғазы арқылы өтеді.
Ормуз бұғазының жабылуы ОПЕК+ құрамындағы төрт елге – Қазақстан, Ресей, Алжир және Оманға тікелей әсер еткен жоқ. Алайда басылым олардың өндірісті ұлғайту мүмкіндігі шектеулі екенін жазады.
Brent маркалы мұнай бағасы соңғы төрт жылдағы ең жоғары деңгейге – барреліне шамамен 120 долларға дейін көтерілді. Ресейдегі өндіріс те украиналық дрондардың соққылары салдарынан қосымша төмендеп жатыр. «Қазір нарыққа өндіріп шығаруға болатын әрбір баррель қажет», – деді Reuters-ке тағы бір дереккөз.
Сауд Арабиясы мен БАӘ қазірдің өзінде Ормузды айналып өтетін экспорт бағыттарына көшкен. Саудияның Қызыл теңіздегі Янбу порты арқылы мұнай экспорты тәулігіне шамамен 4,6 миллион баррельге дейін өсті, бұл өткізу мүмкіндігінің шегіне таяп қалды. Ал БАӘ мұнайды бұғаздан тыс орналасқан Фуджейра арқылы экспорттауды жалғастырып отыр.
Соңғы 1 наурыздағы отырыста ОПЕК+ сәуір айына арналған өндірісті небәрі тәулігіне 206 мың баррельге ғана арттырған болатын.
ОПЕК тобына Алжир, Ангола, Конго, Экваторлық Гвинея, Габон, Иран, Ирак, Кувейт, Ливия, Нигерия, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері және Венесуэла кіреді. Олардың серіктес елдері қатарында Ресей, Қазақстан, Әзербайжан, Мексика, Малайзия, Оман, Бахрейн, Оңтүстік Судан, Бруней және Судан бар.
2016 жылы құрылған мұнай өндіруші мемлекеттер альянсы бағаны тұрақтандыру үшін мұнай өндіру деңгейін үйлестіріп, жаһандық нарықта шешуші рөл атқарып келеді.