Мопедтегі екі жасөспірім ауыр халде жансақтау бөліміне түсті
Талдықорғанда жүргізуші бағдаршамның қызыл түсіне қарамай, жоғары жылдамдықпен мопед мінген екі жасөспірімді қағып кеткен. Оқиғаға өңірлік Полиция департаментінің баспасөз қызметі түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға орнынан түсірілген кадрлар желіде әп-сәтте тарап кетті. Видеода қатты соққы сәті анық көрінеді: соққының екпінімен екі жасөспірім жол жиегіндегі қоршаудан асып ұшып кеткен.
Қазір зардап шеккен екі жасөспірім де жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын ауыр деп бағалап отыр. Аталған дерек бойынша полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастап кетті.
Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қылмыстық іс 2026 жылғы 2 сәуірде сағат 00:10-да Талдықорған қаласындағы Жансүгіров пен Балпық би көшелерінің қиылысында болған жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша қозғалған. Алдын ала мәліметке сәйкес, Toyota Camry көлігінің жүргізушісі бағдаршамның тыйым салатын белгісіне өтіп кетпек болып, соның салдарынан мопедпен соқтығысқан.
Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайы мен нақты себептерін анықтап жатыр.