Алматыдағы жантүршігерлік жол апатынан кейін қосымша полиция күштері тартылды: ІІМ себебін түсіндірді

Автор: Аягөз Құрмаш

Бұл жоспарлы тексеріс екен

Фото: видеодан скриншот

Үш адамның өмірін қиған жол апатынан кейін Алматыға еліміздің әр өңірінен полиция қызметкерлері тартылып жатыр. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов бұл жағдайдың Алматы полициясындағы тексеру шараларына қатысы жоқ екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Сенат кулуарында журналистер әл-Фараби даңғылында болған резонансты жол апатына қатысты сұрақ қойды. Күдіктінің ұсталған-ұсталмағаны, қалаға не себепті әр өңірден патрульдік күштердің тартылып жатқаны және жауапсыз басшылардың қызметтен босатылуы мәселелері қаралды.

«Ешқандай «тазарту» туралы айтудың қажеті жоқ. Бұл – жоспарлы тексеріс. Мұндай шаралар Астанада да, басқа өңірлерде де қажеттілікке қарай жүргізіледі», – деді Әленов.

Ол жол қауіпсіздігіне тек құқық қорғау органдары ғана емес, жол қозғалысына қатысушылардың өзі де жауапты екенін атап өтті.

«Жалпы алғанда, жол-көлік оқиғалары әлем бойынша ерекше бақылауда тұр. Ал Алматыда соңғы уақытта кейбір жүргізушілердің жауапсыз әрекеті ауыр апаттарға әкеліп отыр. Оларға қатысты қатаң шаралар қабылданады», – деді Әленов.

Журналистер әл-Фараби даңғылындағы апаттың тергеу барысы туралы қайта сұрағанда, министрдің орынбасары тексеру жалғасып жатқанын жеткізді.

«Бұл дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Ішкі істер министрлігінің арнайы комиссиясы жұмыс істеп жатыр. Қылмыстық іс қозғалды. Бірқатар басшылар қызметінен босатылды. Тексеру нәтижелері туралы қосымша хабарлаймыз», – деді Әленов.