Маңғыстауда жанармай бекетінде жарылыс болып, бір адамды күйік шалды

Автор: Асыл Арман

Жұмыс барысында көлемі 200 литрлік ыдыс жарылды

Фото: istockphoto.com

Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында металл бөшке жарылып, жанармай құю бекетінің қызметкері ауыр күйік алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz сайтына сілтеме жасап.

Оқиға 10 наурыз күні жанармай құю станциясының аумағында болған. Алдын ала мәліметтер бойынша, жұмыс барысында көлемі 200 литрлік ыдыс жарылып, салдарынан қызметкер зардап шеккен. Оның беті мен денесінің жоғарғы бөлігі күйіп қалған. Қазіргі уақытта ол ем алып, оңалту курсынан өтіп жатыр.

Зардап шеккен азаматтың туыстары оқиғаға қауіпсіздік талаптарының сақталмауы себеп болуы мүмкін деп есептеп, жан-жақты тергеу жүргізуді талап етіп отыр.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға орнына шақырту түспеген, өрт тіркелмеген.

«Өрт болған жоқ. Анықтаушылар полицияның шақыруымен ауруханаға барды. Зардап шеккен адамға өрт қауіпсіздігі талаптарын бұза отырып жұмыс істегені үшін ескерту берілді», – деп хабарлады ведомство.

Еңбек инспекциясы өкілдерінің айтуынша, зардап шеккен азамат ресми еңбек шартынсыз жұмыс істеген. Ал ықтимал жұмыс беруші еңбек қатынастарының болғанын жоққа шығарып отыр.

Қазіргі уақытта қосымша тексеріс жүргізілуде. Оның ішінде жасырын еңбек қатынастарының болуы да қарастырылып жатыр. Материалдар компания тіркелген Алматы қаласына жолданып, әрі қарай қаралатын болады.